Елордада жылу мен жарық саласы қызметін «iQala» орталығы көрсетеді

Елордада жылу мен жарық саласына қатысты қызмет көрсету түрлері жыл соңына дейін толық «iQala» орталығына ауыстырылатын болады. Бұл туралы «Астана - Теплотранзит» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Руслан Аралбай мәлім етті.

Осы жылдың соңына дейін iQala орталығына біз көрсететін 26 қызмет ауыстырылады. Қазіргі күні біз 10 қызметті әзірлеп бітірдік, ол жақын күндері осы орталықтан ұсынылатын болады, ал қалған 16 қызмет жылдың соңына дейін берілетін болады. Әрине оның ішінде жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға көрсетілетін қызмет түрлері бар. Біз үшін маңыздысы ол қызмет алудың тұрғындар үшін қолайлы болуы. Және де бұл жобаның тағы бір маңыздылығы жемқорлықтың алдын алады. iQala-ға келген адамның ешқандай «Астана - Теплотранзит»-тің қызметкерлерімен байланысы болмайды, деді Р. Аралбай.

Оның айтуынша, бүгінде «Астана - Теплотранзит»-тің қызметкерлері iQala-ға келіп қызмет көрсетудің қыр-сырымен таныстырып жатыр.

Әрине жылу-жарық қызметінің өзіндік ерекшеліктері бар, сондықтан біздің қызметкерлеріміз iQala-ның мамандарын жұмыс барысымен таныстыруда. Ол үшін біз өз қызметкерлерімізді осында жібердік. Болашақта олардың осында қалуы да мүмкін. Әзірге халық ақпараттандырылғанша біз өз қызметімізді өзімізде қосымша көрсете береміз. Қала тұрғындары толық ақпараттандырылған соң, барлық қызмет түрі осында көшетін болады. Яғни алдағы уақытта жылу-жарық мәселесі бойынша біздің орталыққа келудің қажеті болмайды. Бүгінде дайын 10 қызмет бар, оның 5-і жеке тұлғаға арналған, қалған 5-і заңды тұлғаға арналған. Олардың қатарында жаңа салынған нысанға жылу немесе жарық тарту, жарық пен жылуды өлшеу көлеміне қатысты қызметтер жатады, деді ол.

Сонымен қатар, Р. Аралбай аталған қызмет түрлерін ұялы телефон арқылы немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы алуға болатынын да айтып өтті.

Біздегі қызметтердің кейбірін тұрғындар бұрын ХҚКО арқылы алатын және олар электронды немесе онлайн түрде алу мүмкін еместұғын. Ендігі уақытта бізге немесе ХҚКО-на барудың қажеті жоқ. iQala-ға келіп не болмаса жеке электрондық цифрлық қолтаңба арқылы алуға болады, деді басқарма төрағасының орынбасары.

Өз кезегінде орталық басшысы Руслан Жұмаділов «iQala» –ның қызметіне қатысты соңғы мәліметтермен бөлісті.

Бұл орталық «бір терезе» қағидағасымен жұмыс істейді, ХҚКО-нан айырмашылығы біз онда көрсетілмейтін қызмет түрлерін ұсынамыз. Орталық бүгінде 133-тен астам қызмет түрі көрсетеді. Мысалы, сіз үй сатып алдыңыз. Үйдің құжатын реттеуден бастап ол жңа үйге су, жылу және жарық жеткізу керек. Сіз ол үшін әр мекемеге жүгінесіз және ол қызметтер ХҚКО-да көрсетілмейді. Тиісінше сіз қаншама уақытыңызды жоғалтасыз. Ал «iQala»-да барлық коммуналдық қызмет түрін юір жерден алу мүмкіндігіңіз бар. Біздің орталықтың жұмысы бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен халық үшін қолайлы әрі жеңіл қызмет ұсыну. Екіншіден, уақыт өте келе барлық қызмет түрін цифрландыру, яғни тұрғындар орталыққа келмей-ақ тұрғындар өз-өздеріне қызмет көрсететіндей етіп. Және үшінші бірнеше қызметті бір өтінішпен және тек қана жеке куәлікпен алу мүмкіндігін қарастыру. Яғни артық құжаттардан арылып, қағазбастылықты жою, деді Р. Жұмаділов.

Орталық басшысының дерегіне сенсек, бүгінде «iQala»-да 30-ға жуық маман халыққа қызмет көрсетуде.

Орталық екі қабатты бірінші қабат мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Одан бөлек, балаларға арналған ойын алаңы, күту залы қарастырылған. Сондай-ақ, жеке тұлғаларға қызмет көрсетіледі. Ал 2-і қабат заңды тұлғаларға қызмет ұсынуға арналған. Биыл жылдың соңына дейін 90 қызметті цифрландыру жоспарда бар, келесі жылы оның санын 130-ға жеткізуді көздеп отырмыз, деді ол.

Сондай-ақ, Р. Жұмаділов «iQala» орталығына тұрғындар көбінесе білім саласына қатысты (балабақша кезегіне қалай тұруға болады және тағы басқа), екінші кезекте өз кәсібін ашу үшін қандай бағдарлама немесе гранттар бар ма деген сұрақтармен және электрондық цифрлық қолтаңба түбіртегін қалай алуға болатындығы жөнінде сұрайтындығын мәлім етті.

Ақпарат көзі