Биыл елорданың энергокешенінің жабдықтарын жаңғырту жұмыстары жалғасады

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов елорданың энергокешенінің жабдықтарын жаңғырту мәселесіне тоқталды.

Қ. Айтмұхаметовтың айтуынша, ЖЭО-2 қайта құру және кеңейту аясында 220 Гкал/сағ болатын № 5, 6 су жылытатын қазандарды және 180 Гкал/сағ болатын № 7 қазанагрегатын іске қосу арқылы 400 Гкал/сағ жылу қуатын қосу жоспарланған. Аталған нысандардағы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Бұған қоса, өз қуатын сарқыған құрылғыларды жаңарту арқылы ЖЭО-1 қайта құру жалғасады. Бұл өз кезегінде қазіргі көздердің алдағы жылыту маусымында үздіксіз әрі сенімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

- Ағымдағы жылы қуаты 480 Гкал/сағ болатын ЖЭО-3 энергия көзінің 1 кезегінің құрылысы жалғасып, 2017 жылы іске қосу жоспарланған. Бүгінгі таңда 2016 жылға арналған жұмыс көлемі нақтыланған. Ол бойынша 2017 жылы іске қосу мен жөндеу жұмыстары жүргізілетін негізгі және қосалқы жабдықтарды құрастыру қарастырылған, - деді Қ. Айтмұхаметов.

Сонымен қатар, «Астана-Энергия» АҚ жеке қаражаты есебінен инвестициялық бағдарлама аясында технологиялық үрдістерді автоматты басқару жүйесін енгізу, қазіргі күл үйіндісін қалпына келтіру және ескірген жабдықтарды ауыстыру сияқты ЖЭО-1 және ЖЭО-2 жаңғыртуға бағытталған шаралар атқарылады.

Биыл жылу желілері бойынша 18 км астам, соның ішінде инвестициялық бағдарлама аясында «Астана-Теплотранзит» АҚ қаржысы есебінен 13 км жылу желісінің құрылысы мен қайта жөндеу, жылу желісінің 4 және 5 қосылымдарын іске қосу жоспарланып отыр.

Электрмен жабдықтау жүйесін дамыту үшін ағымдағы жылы 110кВ-тық «Бәйтерек» және «Шұбар» аралық станцияларын іске қосу, 63 тарату бекеттері мен 10 кВ трансформаторлық аралық станцияларды қайта құру, жалпы ұзындығы 7,9 км «Олимп» - «Жаңажол» және «Олимп» - «Сол жағалау» аралық станциялары арасында 110 кВ кабель желісін жүргізу көзделген. Ағымдағы жылы 110 кВ-тық, «Тұран», «Қазыбек» және «Самал» аралық станцияларын салу басталады.

Аталған нысандар қаланы электр қуатымен қамтудың дәйектілігін арттырып, ЭКСПО-2017 нысандары мен жаңа теміржол вокзалы сияқты жаңа тұтынушыларды қосуға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі